Форумда 7 панельдік сессиядағы пікірталастар ұйысдастырылады. Оған 500-ден астам адам — ірі әлемдік және қазақстандық компаниялардың, министрліктердің, қаржы институттарының басшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері, т.б. қатысады.
«Аталған форумның мақсаты – бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Алматы шетелден келген инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің бірі болды және болып қала береді. Almaty Investment Forum — бұл Алматы кәсіпкерлері мен әлеуетті инвесторлар диалог орнатуға, қызықтыратын сұрақтар мен қойылған міндеттерді шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін алаң», – дейді форум ұйымдастырушылары.
Талқыланатын тақырыптарға Алматының инвестициялық тартымдылығы, «ақылды қала» тұжырымдамасын қолдану нысандары мен құрылыс материалдарының экологиялық қауіпсіздігіне жаңа талаптар мен қала құрылысына инновациялық көзқарастар әсерінен өзгеретін жылжымайтын мүлік нарығындағы үрдістер кіреді.
Жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық орталық позициясын күшейтуі тиіс. Алматының инфрақұрылымдық дамуы талқылаудың жеке тақырыбы болады. Almaty Investment Forum 2019 сессиясы аясында Алматының жаңа халықаралық туризм орталығы ретінде тұсаукесері жоспарланған.
Инновациялық даму мәселесі дөңгелек үстел форматына шығарылып отыр: IT-бизнес капитандары мен сарапшылар Алматыдағы стартаптар мен инновациялардың болашақ өсу секторларын талқылайды. Форум сессияларында беделді саясаткерлер, белгілі экономистер мен қаржыгерлер, әлемдік стартап-жобалардың негізін қалаушылар және жергілікті think-tank өкілдері сөз сөйлейді.
Almaty Investment Forum 2019 хедлайнерлері – Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек, McKinsey жаһандық институтының басшысы Джонатан Вотцель, TiE Global қауымдастығының президенті Шарма Махавир Пратар, орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері бойынша Nokia вице-президенті Микко Лаванти, Катар Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Аль-Кавари, сондай-ақ жетекші қазақстандық компаниялардың топ-менеджерлері.
Форум бағдарламасында коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі де жоспарланған.
АЛМАТЫ